«Жаңарған Жаңақорған жастары» жарап тұр

0
10

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» арнайы жобасын қолға алуды ұсынады. Ол: «…жергілікті билік «Туған жер» бағ­дар­ла­масын жинақылықпен және жүйелі­лікпен қолға алуға тиіс. 

       Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек. Бұл жерде де көп жұмыс бар. Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жо­ғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады. Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады» дейді. Яғни, бұл жоба қайырымдылық шараларына еріктілерді, меценаттарды, кәсіпкерлер мен еліміздің белсенді азаматтарын жұмылдыруды көздейді. 

  «Жетім көрсең, жебей жүр, Жесір көрсең, демей жүр». Қазақ қашаннан әлсізге көмек қолын созған, жетімін жылатпаған халық. Қазақылықтың әдемі көрінісі Елбасы мақаласында жақсы айтылады. «Туған жер» арнайы жобасында қайырымдылық жасау, туған өлкеге көмек көрсету секілді әрекеттер мемлекеттен жан-жақты қолдау табатындығы көрсетілген. Қасиетті Рамазан айының соңғы күндері Жаңақорған ауданы «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобының ұйымдастыруымен бірден екі қайырымдылық шарасы орын алды. Біріншісі, «Qamqor» әлеуметтік дүкенінің ашылуы болса, екіншісі жалғызбасты ана әрі ІІ топ мүгедегі Анаркүл Беласароваға баспана кілтін табыстау.

 Ауданда жыл соңына дейін 4 әлеуметтік дүкен ашу жоспарланған. Екеуі киім, екеуі азық-түлік дүкені. Соның алғашқысы «Qamqor». Ол маусым айынан бастап мұқтаж жандарды тегін киіммен қамтамасыз етеді.

     Анаркүл Беласарова 3 қыздың анасы, баспанаға мұқтаж жан. Оған үй көтеру барысында, ауыл жастары бірігіп қажетті құрылыс материалдарын алған. Кәсіпкерлер мен аудандағы қаржылай қолдау бірлдірген азаматтар да аз емес. Бірі есігін алып, бірі шатырын жауып, енді бірі ішкі құрылыс жұмыстарына жауапты болған. («Мега-Пицца777» орталығының жетекшісі Қыдыржан, ауданға танымал Исаевтар отбасы, «Шаншар» əзіл ысқақ театрының әртісі Дəурен Əбиев, кәсіби медиатор, адвокат Дəулет Тұрабаев, кәсіпкер Нұрболат Аширов пен Қоғамбек Бейсенбиев, кәсіпкерлер Төрежан, Сəрсен, Данияр, Бірлік ауылының тұрғыны ұста Мұратбек және ауыл жастары). Бастысы, үйдің құрылысы асар әдісімен жүргізілді. Яғни, ескіден келе жатқан асарлату, жұмыла көмектесу әдісі қайта жаңғырды.

      Анаркүл Беласарова, ауыл тұрғыны: «Ауылымыздағы «Жаңарған Жаңақорған жастары» тобы құрылғалы жақсы жаңалықтар көп. Соның бірі менің отбасымда орын алды. 5 жылдан бері үйсіз жүрген менің отбасыма бұл үлкен қуаныш. Балалардың бәрі атсалысып, осы үйге еңбектерін сіңірді. Оларға алғысым шексіз».

     Айта кету керек, қоғамда болып жатқан жағдайларға бейжай қарамай, әрдайым қамқорлық танытуға шақыратын аудан мешіттерінің имамдары, ал әкімдік әлі көмекке зәру отбасыларды үймен қамтамасыз ету үшін 18 жер телімін тегін бөліп отыр. Бұл дегеніміз, әлі 18 баспана көтеріліп, кілттері табысталады. Айттың алғашқы күнінде орын алған бұл жобаны «Жаңарған Жаңақорған жастары» ары қарай жалғастырып, өскелең ұрпаққа қайырымдылық істерді үлгі етері сөзсіз.

  Данияр Асанұлы, «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобының мүшесі: «Біздің бастамамызбен 2018 жылы бір баспана соғылып, мұқтаж отбасына сыйлаған болатынбыз. Бүгін екінші баспананы табыстау бұйырып отыр. Еріктілер тобына аудан әкімдігі, аудандағы кәсіпкерлер мен аудан тұрғындары жақсы қолдау көрсетіп отыр. Бұл игі істер әлі де жалғасын табады, әлі де жоспарланған жұмыс көп».

Жанар Ергенбайқызы,

Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы

«Ақпарат толқыны» бөлімінің маманы